25 маусым күні Лисаков Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті мұражайында Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле домбырам үні» атты іс-шарасы өтті.
Осымен екінші жыл аталып өтілетін шараның көрермендері болған Лисаков балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығы жанындағы «Жас Ленд» жазғы лагеріне баратын балалар. Мұражай қызметкері Қадырханова А.Қ. Қазақстан күнтізбесіне енгізілген домбыра күні турасында айтып беріп, балаларға шара қонақтарын таныстырды. Іс-шараға қалалық балалар музыка мектебінің және қаланың мәдениет және спорт орталығының қызметкерлері шақырылды.
Қазақ халқы той сәнін келтіріп, оның шымылдырығын ашып, той бастаған әнші, күйшіге «Тойбастар» берілетін кәде сыйы бар. Мұражай шарасын ашқан «Кербез сұлу» ансамблі жетекшісі Құралай Алмағамбетоваға осы кәде сый тарту етілді. Ансамбль Құрманғазының төкпе түріндегі «Балбырауын» күйін, Байжігіттің «Көксерке» күйін шертпе түрінде ойнайтынына тоқталып, орында берді. Лисаков қалалық балалар музыка мектебінің музыка әдебиеті пәні мұғалімі Кобзаренко Светлана Николаевна қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыра тарихы мен ел аузында қалған аңыздар мен оның құлағында ойнаған ұлы күйші, әншілер туралы және оның құрылымын айтты.
Шара барысында балалар мұражай қорындағы қазақ халқының ұлттық аспаптары, соның ішінде - 1932 жылы Жылбай ауылының тұрғыны, халық шебері Қалық атамыз жиені Қанапия Баярстанұлына өз қолынан қарағайдан жасаған домбыра туралы біле алды.
Іс-шараға балалардың зердесін ғана емес, танымын да оятатын «Әуенді тап», «Домбыраны құрастыр және құрылымын ата», «Домино» (суреттері мұражай жәдігерлерінен жасалған) ойындары ойнатылды. Жеңімпаздар мен белсенді ойынға қатысқан балаларға сыйлықтар үлестірілді.
https://lisakovsk-museum.kz/kz/novosti-kz/631-k-mbirle-dombyram-ni.html#sigFreeIddfb416a04f